Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Н. Әбдіров бастаған топ Бейнеу ауданына іс-сапармен барып, түрлі бағытта кездесулер өткізді. Екі күнге созылған Бейнеудегі іс-сапар барысында аудандағы сайлау учаскелерінің сайлауға дайындық барысы талқыланып, ауыл тұрғындарымен кездесулер ұйымдастырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Іа-сапардың бірінші күнінде Орталық сайлау комиссиясының мүшелері Төлеп ауылына барып, ауыл әкімімен бірге жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Жиын барысында ауыл тұрғындары жұмыс мәселесі туралы сөз қозғап, алда келе жатқан сайлау туралы пікірлерін білдірді.
Кездесуде Нұрлан Мәжитұлы биылғы жылдың 5 қараша күні пилоттық режимде өтетін облыстық маңызы бар қалалар мен аудан әкімдерін сайлау бойынша түсінік бергеннен кейін, халықтың пікірі мен ұсыныстарын тыңдады. Сондай-ақ Төлеп ауылындағы №135 учаскелік сайлау комиссиясының жұмысымен танысты.
Ал іс-сапардың екінші күнінде Бейнеу аудандық сайлау комиссиясының жұмысымен танысып, Бейнеу ауылының №114 учаскелік сайлау комиссиясының сайлауға дайындықтарын пысықтады.
- Маңғыстау облысында Бейнеу ауданының әкімін сайлау 5 қараша күні Республика көлемінде пилоттық режимде өтеді. Бұл шешімді – жергілікті мәслихат шығарған еді. Осыны ескере отыра, әріптестеріммен бірлесіп, Маңғыстауға келіп, тиісті шаралар өткізудеміз. Бүгін Бейнеу ауданында мәжіліс өткіздік. Онда әкімдіктің, аумақтық сайлау комиссиясының, саяси партилардың, сондай-ақ аудандық прокурор, полиция бастығы, әлеуметтік сұрақтарға жауап беретін азаматтардың қатысуымен сайлауға дайындық барысын да тексердік. Дайындық заң талаптарына сай өтуде. Сондай-ақ әріптестеріммен бірге жергілікті аумақтардағы комиссиялар өткізіп жатқан оқыту семинарларына да қатысып көрдік. Нәтижесінде әлі де көтерілуі тиіс сауалдар айқындалды,- деді Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Бұдан бөлек Орталық сайлау комиссиясы Сарға ауылына барып, ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Мұнда ауылдағы сайлауалды дайындық жұмыстары тексеріліп, кездесуге келген тұрғындардың аудан әкіміне қояр қандай талаптары бар екендігі сұралды. Кездесуге келген тұрғындар ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы сөз қозғап, өз мәселелерімен бөлісті.
Сондай-ақ Бейнеу ауданы орталығындағы «Ұстаздар үйінде» Н. Әбдіров жастармен кездесу жиынын өткізіп, алдағы өтетін сайлаудың маңызын жеткізді. Жастар арасында сауалнама жүргізіп, нәтижесімен таныстырды. Жастардың қойған сұрақтарына тиісті кадрларды қатыстыра отырып, жауап берді.
- Осы іс-сапар барысында ауыл тұрғындарымен кездесулер ұйымдастырудамыз. Дегенмен, басымдықты жастарға қойдық. Өйткені жастардың сайлауға қатысуы – қоғам үшін, мемлекет үшін ең маңызды тетік. Сайлауға қатысты жастардың тың идеяларын тыңдап, электронды дауыс беру секілді әлемдегі жаңа үдерістермен таныстық,- деп қосты Н. Әбдіров.
Жиын соңында Бейнеу ауданы әкімінің сайлауын пилоттық режимде өткізу бойынша кеңес отырысы өтті. Нұрлан Мәжитұлы жергілікті сайлау органдарына бірқатар нақты тапсырма жүктеді.
Мемлекеттік тапсырыс аясында